Жексен АЛПАРТЕГІ, «Айқын» газеті №5 (2399), 16.01.2014 ж.

    Саяхатшы, ағартушы және этнограф Шоқан Уәлиханов орыс патшасының барлаудағы офицері болған. Әйтсе де оның біз білмейтін тыңшылық әрекеті құпия сақталып келеді. Ол сан қырлы жақтарымен қатар барлау саласын да терең меңгеріп, Ресейдің көздеген мақсатына қол жеткізуге үлес қосқан тамаша барлаушы ретінде танылды.
    Шоқанның бойындағы ерекше қабілетті байқай білген орыстар оған қолынан келетін істі сеніп тапсыруы да тегін емес. ХІХ ғасырдың ортасында Қазақ жері мен Шығыс Түркістан және Орта Азия, Қытай, Ұлыбритания және Ресей арасында үлкен ойын басталды. Үш держава бұл аймақты өздеріне қаратуға белсене кірісіп, отарлауды мақсат етті. Тіпті кейбір елдер олардың отарына айналып, енді бірлерін өздеріне қаратқан болатын.
    Ресей қазақ даласына билік жүргізе бастаса, Қытай Шығыс Түркістанға (Синьцзян) ұмтылып, Ұлыбритания Үндістанды жаулап алған еді. Ресей мен Англияның ықыластары Қашқарға ауған. Бұған дейін Ұйғыр мемлекетін Қытайдың Шин басқыншылығы 1760 жылы жаулап, билікті қолға алғанымен, екі жақта да алауыздық болып жатты. Елдегі алты қала (Қашқарияға қарайтын) көп ғасырдан бері еуропалықтар үшін есіктері жабық болып келді. Бұл жылдары Шығыс Түркістанда ел ішінде өзара билікке ұмтылғандардың арасында бақталастық пен соғыс жиі болады. Қашқарда қытайларға қарсы бас көтеру етек алып, тыныштық орнамаған кез еді.

    1854 жылы британиялық Ост-Индская компанияның қаржысымен шыққан ағайынды Шлангинтвейттер экспедициясы үш жылдан соң Декканға жақын келіп, бұдан соң Гималай, Каракорум мен Куньлуньді аралап көрген. Ағайындылардың бұдан кейінгі таңдауы жеке қызығушылықпен кеткен. Германн мен Роберт еліне қайтса, Афольф саяхатын Қашқарға жалғастырған. Саяхатшы арнайы зерттеу жұмыстарынан басқа ерекше тапсырмалары да орындаған. Соның бірі – Қоқан хандығының хатын Қашқарға жеткізуі.
    Афольф Шлангинтвейтті орыстардың Азияға терең бойлап кетпеуіне қарсы да қолданған. Оның Қашқарға барып, із-түссіз жоғалып кетуі көпке жұмбақ күйінде қалған еді. Бұл жағдайды ресейлік Бас штаб өздерінің агенттері арқылы Афольф Шлангинтвейттің рөлін орындаған оған ұқсас адам екенін білген. Ал Қоқан ханының хаты Қашқарға жеткенін және ханның қандай жауап бергені жұмбақ күйінде қалуы  орыстарды күмәндандырған.
    Осы жағдайға байланысты Ресей шұғыл түрде Қашқарға өзінің өте ақылды, ол жақтың сеніміне кіретін адамын жіберуді қарастырған. Барлауға баратын адамның азиялық болуы керек екендігін ұғынған. Себебі Қашқар еуропалықтар үшін мүлдем жабық екенін біле тұра, 1827 жылы өте тәжірибелі және барлау саласында тәжірибесі бар сенімді адамның бірі Бубеновты жіберген. Ол шекарадан өте алмай, сауда керуенімен кері қайтқан. Содан кейін орыстар бұл жағдайды жақсы түсініп, Қашқарға аттандыратын адамдарға таңдау да жасаған. Бұл іске Батыс Сібір губернаторы, генерал Гасфорттың адъютанты, поручик Шоқан Уәлиханов лайық деген шешімді - әуелі Шоқанның кандидатурасын Бас штабтың полковнигі Карл Гутковский ұсынады. Ол Шоқан Уәлихановты жақсы білетін, қызметте бірге жүріп, жас офицер бойындағы алғырлық, білімпаздық қырларын таныған.
    Шыңғыстың тұқымы, атақты Абылай ханның шөбересі және Уәлихан сұлтанның немересі екендігі де таңдауға жол ашады. Сондай-ақ ең негізгісі оның офицерлік шендігі мен тамаша жауынгерлігі, жақсы шабандоздығы, семсерлесу өнерін жете меңгергендігі, мергендігімен көзге түскені де Шоқанды ерекшелендіреді. Шоқан сурет салуды да жақсы меңгерген, аса зеректік қабілеттілігі, әскери картография мен топографиядан мол хабары, бірнеше тіл білетіні де оны ерекшелендірді. Жергілікті елдің әдеп-ғұрып пен салт-дәстүрін де жақсы білген.
    Жас офицердің тағы бір ерекшелігі – кез келген адаммен тіл табысатындығы, бойында дипломатиялық таланты барын да танытып үлгерген. Оның байқампаздығымен, өз бетінше талдау жасаудағы ұстанымы, кей жағдайда артистік әрекетімен де көпке ұнайтын. Шоқан небәрі 22 жаста ғана еді. Бірақ та Гасфорт Шоқанның тым жастығын әзілмен жауап беріп, «жастық Шоқанға әсер етпейді, ол тез өте шынығады» деуі, мемлекеттік құпия іске тәуекел деумен бірдей болады.
    1858 жылдың маусым айында Уәлиханов Бас штабтан өте құпия құжаттар алып, үлкен көлемдегі ақшамен әскери барлау жұмысын орындау мақсатында тапсырма алады. Бұл туралы Шоқан өзінің Қашқар сапарында былай деп жазған: «Сапарымыздың құрамы мынадай: 1 керуен-басшы, 7 бұйрықшы мен 34 қызмет көрсетуші. Керуенде 6 киіз үй, 101 түйе, 65 жылқы және 18 545 күміс рубль тауары» дей отырып, Шоқан Әлімбай атты есіммен Қашқарға белгілі қоқандық саудагердің ұлы болып, сапарға аттанғанын жазады. Жарым айда керуен өздерінің көздеген мақсаттарымен жоғарғы Ілеге ілініп, Қытай шекарасына жетеді. Олардың бұдан кейінгі сапары Тянь-Шаньнің қиямет асулары арқылы жалғасады. Керуендегі 100 түйенің 65-і өліп, 8 аттан да айырылады. Жол-жөнекей керуенге жергілікті қарақшылар шабуыл жасайды. Ақыры керуен 1858 жылдың қазанында Қашқарға жетеді.  Керуенді жол-жөнекей тексеру бекеттері тінту жүргізгеннен кейін ғана қалаға кіреді. Қашқардың заңы бойынша сырттан келген шетелдік саудагерлер міндетті түрде уақытша үйленіп, некеге отыру салты да болған. Мұндай салт Қашқардан басқа алты қалада қолданылған.
    Әлімбай мұнда келген соң, екі-үш күннен кейін үйленіп, уақытша некеге отырады. Бұл жөнінде Шоқан: «Мұндай некеге тұрғандарда аз да болса қиындық кездескен: әр әйелін тамақтандырумен бірге киіндіруге міндетті болды. Қотанға апару үшін оның шығынына біздің ақшамен 1 рубль 50 тиын күміс теңге төлеуге тиіс» деп жазады күнделігінде.
    Қашқар сапарына барған адамдар: Әлімбай Әбділлабаев (Шоқан Уәлиханов), керуен басшы Мұсабай Тоқтабаев (ташкенттік), көшті бастаушылар – Ташмахамед Мирқұрбанов, Мұхамедразық Берназаров (екеуі де ташкенттік), Әбдікәрім Шәріпбаев, Мұрзахмұхсин Мурсагитов (екеуі де бұхаралық), Кенже Сарыходжин, Қожеке Қойгелдин (екеуі де ташкенттік), Жүсіп Ағысов (семейлік), Хусаналы Миразизолин (ташкенттік).
    Бұлардан басқа 32 адам өз қызметтерін керуенде атқарған. Олардың 9-ы ташкенттік болса, қалғандары Қарқаралы, Аягөздің және Көкпектінің қазақтары болыпты. Шоқанмен сапарлас болғандардың ішінде Уәлиханов пен Мұсабайдан басқа да Кенже Сарыходжин мен Қожеке Қойгелдин екеуі құрметті шапанмен марапатталған. Әбдікәрім Шәріпбаев, Мурзахмухсин Мурсагитов және Жүсіп Ағысовтар күміс медальға ие болып, орыс патшасы сый-құрмет көрсеткен.     
        Шоқан Уәлиханов Шығыс Түркістанда ұзақ айлар болып, «Қоқандағы саяси жағдайдың ақыры өздерінің хандарын қуса, Қашқардағы тынышсыздық мені Жаркентті және Қытайдың Түркістанындағы көп қалаларды көруіме мүмкіндік етпеді» дейді. Жас офицер осы сапарында Бас штабтың берген тапсырмасын орындап, Шлагинтвейттің тағдырынан да хабардар болады. Афольф Қашқар үкіметінің сарайында Уәлихан төренің қабылдауында болғандығын біледі. Уәлихан төре одан Қоқан ханының не үшін ағылшындардың жібергенін сұрап, тергеуге алған. Бірақ ол бар шындықты айтпаған соң, басын алып, Уәлихан төре басты сарайына іліп қойғанын білген.
    Шоқан Уәлиханов бұл сапарында Қашқар туралы маңызды мәлімет жинайды. Жергілікті халықты, Қашқарға кіретін жолдар мен қала маңындағы қыстақтарды да анықтаған. Жердің климаты мен табиғаты, экономикасына да зер салып, маңызды істерді атқарып жүргенде «Қашқарға кірген Мұсабайдың керуенінде орыс тыңшысы бар екен» деген сөз қалаға тез тарап кетеді. Оны құлжалық саудагер таратып, елге жария етеді. Бұл расында шындық болған. Шоқан бала кезінде құрт ауруымен ауырып, жерге жатуға дағдыланбай, жиналмалы темір төсекте ұйықтайтын болған. Осы әңгімеден кейін керуен тезірек жиналып, қауіпті жағдайдан құтылу үшін Қашқардан кетеді. Олар қайтарында қырғыз тайпалары орналасқан жерлермен жүріп, көп қиыншылықпен елге бет алады. Жолдарындағы ең азапты жергілікті қырғыздың сарыбағыш тайпаларынан көреді. Сарыбағыш манабы Төрегелді саудагер Әлімбайды танып, ол орыс офицері екенін біліп, алдымен одан салыққа 356 рубль алса, содан соң кепілдікке ұстап, Қашқар үкіметіне беріп, сатуға дейін барады. Бұл іске генерал Колпаковский араласып, Уәлихановқа көмектесу үшін Верныйдан казактар отрядын аттандырып, істің алдын алуы оң нәтиже береді. Санташ асуында келген керуенді отряд қарсы алып, қырғыздарға тұтқынына түскен Шоқанды аман-есен босатып алады. 1859 жылдың 12 көкегінде Шоқан Уәлиханов Верныйға Қашқар туралы аса аңызды деректермен оралады.
    1860 жылдың қаңтарында әскери министр Николай Сухозанет Уәлихановты Санкт-Петерборға шақырады. Астанада императордың өзі Шоқан Уәлихановты Әулие Владимир орденімен марапаттап, кезектен тыс штабс-ротмистр шенін береді. Қашқарға құпия сапарды ойдағыдай орындауға атсалысқан саудагер Мұсабай мен Бұқаш та алтын медальмен марапатталады. Уәлиханов бұдан кейін астанада аз уақыт аялдап, алғашында Бас штабта, содан кейін Сыртқы істер министрлігінің Азиялық бөлімінде қызмет істейді. Шоқанның Қашқардағы құпия есебі Бас штабта 35 жыл бойы құпия сақталады. Тек 1904 жылы Ресей географиялық қоғамы оны басып шығарады. Шоқанның Қашқарды таныстыру материалы ғылымда үлкен жаңалық болып танылады. Материалдағы құндылық Ресейдің стратегиялық саясатының дамуына және Англияның елдерді отарлау әрекетінің алдын алады. Шоқанның мәліметтері бойынша Ресей өзінің экономикасы мен саудасын өркендетуге жол ашады.
    Сонымен, Шоқан Уәлихановтың Қашқар сапары 1858 жылдың 28 маусымында Қапалдан бастап, 1859 жылдың 12 көкегінде аяқталады. Оның 10 ай, 14 күнге созылғанын және Шоқан Қашқарда 1 қазаннан 13 наурызға дейін 5 ай тұрғанын күнделігінде жазған. Керуеннің саудалары ойдағыдай өтіп, тапсырма да тыңғылықты орындалады.