Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан» газеті (№229), 9 қазан 2013 ж.

    Барлау… Барлаушылар… Сыртқы барлау. Бұл сөздер қазір ешкімге де таңсық емес, бірақ барлау ісі қашанда құпиялығымен, астыртын ақпараттарымен және өте қауіптілігімен көпшілікті қызықтыратындығы да, тартатындығы да ақиқат. Өйткені олардың қиындықпен қол жеткізген ақпараттары бір мемлекеттің тағдырын шешуі мүмкін. Сондықтан да болса керек, әлемнің бар елі барлау ісіне өте сақтықпен және үлкен жауапкершілікпен қарайды. Ал мұндай күрмеуі көп күрделі жолдан өткен әрбір барлаушының өмірі тұнып тұрған құпия тарих екені де анық. Осы орайда біз сыртқы барлау қызметінің қадірлі ардагері, яғни бүгінде жасы сексеннің сеңгіріне шыққан Тоқтархан Күзембаевтің атқарған істеріне тоқталып өткенді жөн көрдік.

    Әрине, мұндай барлаушылардың қызметтік істері туралы көп айтуға болады, бірақ нақты барлаушының қысылтаяңда жүріп, басынан кешірген, яғни орталықтың тапсырмасын орындау үшін атқарған іс-әрекеттері туралы жазу қиын. Себебі ондай мәліметтер құстың сүтіндей өте тапшы. Біз бұл арада олардың аса құндылығына тоқталып отырмыз. Өйткені барлаушы дегеніміз тек тыншы ғана емес, құпия тапсырманы орындауда аса маңызды мәліметтерді сүзіп алып және кез келген тығырықтан көрінбей де, білінбей де шыға алатын елес секілді.
    Ол сонау 1933 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданында дүниеге келді. 1957 жылы Өскемен педагогикалық институтының физика-математика факультетін аяқтаған соң, Целиноград облысы Атбасар қаласындағы орта қазақ мектебінде ұстаздық қызмет атқарды. Сөйтіп ұстаздық қызмет етіп жүргенде, оның бойындағы ерекше қасиеттерді байқаған тиісті орган өкілдері Тоқтарханды мемлекеттік қауіпсіздік ісіне сенімді тартуға болатындығын тексеріп, білді. Содан ол 1960 жылы арнайы нұсқамалар бойынша мемлекеттік қауіпсіздік органдарына қабылданып, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (МҚК) жоғарғы мектебі жанындағы екі жылдық курсқа оқуға жіберіледі.
    Аталған оқуды ойдағыдай тәмамдаған соң, біздің елімізге ашық каналдар арқылы келетін шетелдіктермен жұмыс істейтін басқарма бөлімдерінің біріне жедел уәкіл болып тағайындалады. Бұл салада Тоқтархан аға өзінің алғырлығы мен тындырымды қызметкер екенін бірден танытып, үздік жұмыстарымен көзге түседі. Еңбегі жанып, Қазақ КСР МҚК басшылығы тарапынан алғыс алып, түрлі сыйлықтармен марапатталады. Сөйтіп жүргенде өткен ғасырдың 70-ші жылдарының  басында қауіпсіздік органдарының қызметкерлері үшін беделді саналатын Қазақ КСР МҚК Бірінші басқармасына (сыртқы барлау) қызметке алынады.
    Бұл жерде ол тағы да түрлі дайындықтардан өтеді. Әбден кемеліне келіп, ағылшын тілін жетік меңгеруінің арқасында шет елдіктермен жұмыс істеудің қыр-сырын толық игереді. Сөйтіп, жоғарыда айтқанымыздай, Сирияға жіберіледі. Ал ол кезде бұл ел күрделі жағдайда еді. Араб-Израиль соғысының жүріп жатқан кезі. Сол уақытта АҚШ тарапынан қолдау алған Израиль әскері Сирия мен Ливанға қарсы қарулы араңдатушылық ұрыс қимылдарын белсенді жүргізді. Басып алған аумақтан әскери бөлімшелерін дереу шығаруы қажеттілігіне байланысты КСРО Израильге жіті ескерту жасағанымен де, олар бірқатар араб елдеріне қарулы шабуылдарын жалғастыра берді. 1972 жылдың күз айларынан бастап, Голан биіктіктері мен шекараларда күн бе күн шайқастар орын алып тұрды.
    Сирия елі де бұл кезде қарулы күштерді жинақтау және әскери бөлімшелерді дайындауға бағытталған әзірлік жұмыстарын жүргізіп жатты. Осы әскери соғыс кезінде АҚШ өзінің Таяу Шығыстағы одақтасы, яғни Израильге заманауи қаруларды табыстаса, оларға жауап ретінде КСРО Сирияға жедел түрде нақты  көмек беріп отырды. Міне, Сирия үшін осындай алмағайып заманда Т.Күзембаев КСРО Бас әскери кеңесші тобында қызмет атқарып, елдегі әскери-саяси ахуал төңірегінде Орталыққа күнделікті ақпараттық материалдарды жолдаумен айналысты.  Сол кездегі қиын-қыстау кезеңге қарамастан Сириядағы барлаушылардың, оның ішінде Қазақстаннан барған Тоқтархан Күзембаев тарапынан жүргізілген агентуралық-жедел және ақпараттық жұмыстарын КСРО МҚК басшылығы оң бағалады. Сирия іссапарынан кейін оған подполковник әскери шені берілді.
    Сириядан кейін Орталыққа оралып, тәжірибесі мен білімін одан әрі жетілдіре түскен Т.Күзембаев бір күні тағы да алыс сапарға аттанды. Мазасыз күндер қайтадан басталды. Бірақ барлаушының міндеті біліктілік пен қайсарлық, ептілік пен алғырлық десек, оның жеке және іскерлік қасиеттері осы ұзақ іссапарлар кезінде айқын аңғарыла түсті. Ол Лагман провинциясында жергілікті қауіпсіздік органдарын құруға және практикалық тұрғыда олардың қызметтерін ұйымдастыруға белсене араласты. Осындай оның нақты көмегінің арқасында француз әскери барлауының агенті әшкере болды. Сөйтіп, қайсар барлаушы Т.Күзембаев та бұл қауіпті де қатерлі сапар тапсырмасын ойдағыдай орындап, оралды.
    Мұның дәлелі ретінде, Ауғанстанда көрсеткен ерлігі мен батылдығы  үшін оған мерзімінен бұрын полковник әскери шені берілді. Сонымен қатар ол ерен еңбегі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының грамотасымен және «Ауған халқынан интернационалист-жауынгерге» медалімен марапатталды. Осылайынша, Т.Күзембаев осындай бірқатар шет елдік іссапарлардан тындырымды қызмет етіп оралған соң, Қазақ КСР МҚК Бірінші басқармасында жауапты лауазымды қызметтер атқарып, 1988 жылы құрметті зейнеткерлік демалысына шықты.