Амантай КӘКЕН, «Егемен Қазақстан» газеті, 26.06.2002 ж.

    Ең алдымен Шоқан орыс армиясының офицері, погон таққан әскери шенеунік. Солай болғанмен ұлы ғалымға байланысты мәліметтерді сараптап, энциклопедия ақпарларына қанша үңілсеңіз де бұл жағдай тасада қала беретін секілді. Оның барлық іс-әрекеті әскери адамның емес, қарапайым азаматтың, мысалы, ғылым академиясы немесе университет зерттеушісінің тындырған шаруасы сияқты баяндалады. Ақиқатына келсек, ол ешкімге тәуелсіз, бас бостандығы мол, ал қажет болса ойына келген шаруамен айналыса беретін қатардағы азамат емес. Керісінше, бұйрыққа сөз айтпай бағынатын, құқығы шектеулі әскери қызметкер емес пе? Олай болса оның жұмысы қызмет бабына орай басшылық бекіткен қалыпты бір шеңбер төңірегінде атқарылады. Ал әскер бар жерде – құпия бар.

    Орыс офицері Шоқан Уәлиханов Қашғарияға қыдырып, уақыт өткізу үшін бармағаны анық. Оның Шығыс Түркістанға арнайы мақсатпен жіберілген жасырын сапарын саяхат, ал Шоқанның өзін саяхатшы деп жүргеніміз қисынға келе қоймайды. Дұрысында бұл аса құпия жағдайда жүргізілген барлау операциясы.
    Ресей Қашғарда несін жоғалтты, нені іздеді? Ежелгі ұйғыр жеріне сонша ықыласы неге ауды? Талай ғасыр шет ел тепкесіне түскен жергілікті халыққа қол ұшын бергісі келді ме, қалай?
    1857 жылы мұнда маньчжур басқыншыларына қарсы көтеріліс болыпты, оны басуға қытай отрядтары жіберіліпті, ал Қашғарға келген кейбір ағылшындар наразылықты күшейтуге ықпал жасауда деген хабарды алған соң Ресейдің берекесі тіпті кетті. Айдаладағы ағылшындар осында жүрсе, іргедегі біз неге қол қусырып отырамыз? Қашғардың қоғамдық-саяси, әлеуметтік хал-жағдайы қандай бағытта дамуда? Міне, Шоқан орыс империясын мазалаған осынау көп сұрақты саралап, қажетті дерек жинап беруге тиіс болатын. Яғни Шоқан Уәлиханов Қашғарияға саяхатшы есебінде емес, Ресей үкіметінің ресми тапсырмасымен әскери барлаушы ретінде келді. Ал оның жинаған мәліметі ең алдымен Ресейдің стратегиялық, әскери-қорғаныс мақсаттары үшін пайдаланылды. Егер олай болса, Шоқан қазақ арасынан шыққан тұңғыш кәсіпқой профессионал әскери барлаушы екенін атап өткеніміз жөн.
    Барлау дегеніңіз – соғыс. Барлаушы жасырын майданның өкілі. Ал соғыс саясаттың жалғасы, оның басқаша әдіспен жүзеге асырылуы. Саясат тұйыққа тірелгенде қай мемлекет болмасын астыртын шараға жүгінуге мәжбүр. Өйткені шешім қабылдау үшін нақты дерек, қосымша ақпар керек.      
    Әрине, мұндай мемлекеттік маңызы бар ақпарды астыртын барып, біліп келу кез келген жанға жүктеле бермейтіндігі хақ. Ол үшін сол елдің тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін игеру жеткіліксіз, сонымен бірге арнайы әскери дайындықтан өткен терең білімді кәсіпқой барлаушы болуы да шарт еді. Шоқан, сөз жоқ, осындай биік талапқа сай келді.
    Кадет корпусында Шоқан орыс тілі, шет тілдері, оның ішінде шығыс тілдерін оқыды. Әскери ілімдер – тактика, артиллерия, далалық фортификация, сызба геометрия, топографиялық сызу, архитектура пәндерімен танысты. Лагерьлік уақытта сапқа жайылған топографиялық суретке түсіруге, саперлік және әскери-лабораториялық жұмыстарға, атысқа, қылыштасуға үйретілді. Сөйтіп, Шоқанның кадет корпусында дәріс алған пәндері ең алдымен соғыс мақсатына керекті дүниелер болатын. Мұның барлаушылар үшін аса қажетті екендігі айтпаса да түсінікті.   
    Шоқан басқарған арнаулы эскпедиция 1858 жылдың қазан айының бірінші жұлдызында нысаналы жерге жетті. 1859 жылдың наурыз айының ортасына дейін жат елде болған Шоқан Қашғар қаласы мен Алты шаһар елін ойдағыдай зерттейді. Алты шаһар деп солтүстіктен Тянь-Шань, оңтүстіктен Кунь-Лунь қоршап тұрған Қашғар, Ақсу, Үш-Тұрфан, Янысар, Жаркент, Хотан қалаларын атайтын. Бұл елді мекендер ол кезде Қоқан хандығының саяси ықпалында болды да Орта Азия халықтарымен ашық түрде сауда және саяси байланыс жасап отырды.
    Шоқан Уәлиханов жинаған материалдың Ресей мемлекеті үшін стратегиялық маңызы зор еді. сондықтан да ұлы ғалым дайындаған ақпар қолма-қол аса құпия құжаттардың санатына енді де, ғалымдар онымен бірден таныса алмады. Орыстың географиялық қоғамы Шоқан мұрасының біразын (түгел емес) шығыстанушы ғалым Н.Веселовскийдің редакциясымен 45 жылдан кейін – 1904 жылы ғана жарыққа шығарды. Сөйтіп, әлем оқымыстыларының бұрын еуропалық адамның табаны тимеген жұмбақ Түркістан өлкесі туралы баға жетпес деректермен танысуына мүмкіндік жасалды.
    Шоқанның Қашғар сапарынан жазған есебі ғажап дүние болатын. Бір сәт назар аударып көріңізші. Географиялық шолу. Тарихи очерк. Халықтың орналасуы. Үкімет жүйесі және өлкенің саяси жағдайы. Өнеркәсіп пен сауда. Осы жазбаларды оқып отырып, Ресей сыртқы істер министрі, Азия департаментінің бастығы Егор Ковалевский: «Гениально!» - деген екен. Бұл жәй шенеунік емес-ті. Карпат пен Балканды, Египет пен Кашмирді, Ауғанстан мен Африканы, Қытай мен Орталық Азияны шарлап зерттеген, ондаған роман, повесть, талай өлең жазған, шығармалары Белинскийден жоғары баға алған оқымысты адам болатын.
    Шоқан жазбалары орыс империясының келешекте Шығыс елдерімен қалай қарым-қатынас орнатуына белгілі ықпал еткені сөзсіз. Біздінше, негізгі қорытынды Сыртқы істер министрі А.Горчаков пен Соғыс министрі Д.Милютиннің 1864 жылдың 20 қарашасында ІІ Александр патшаға Ресейдің Орта Азиядағы саясаты жөніндегі жазған запискада айтылған. Мұнда аймақты басып алу пайда бермейді, одан да ішкі істеріне қол сұқпай-ақ ортаазиялық хандықтарға ықпалды күшейтіп, сауда қатынасын молайтқан әлдеқайда тиімді делінген.
    Патша үкіметі әскери барлаушы Шоқан Уәлиханов еңбегін жоғары бағалады. 1860 жылғы 8 сәуірдегі жарлықта «...поручик сұлтан Уәлихановқа штабс-ротмистр әскери атағы, 4-дәрежелі ізгі Владимир ордені және бір жолғы көмек ретінде 500 сом күміс ақша берілсін», - делінген.
    Барлау жұмыстары – көне мамандық. Біздің ғасырға дейінгі тайпалар от жағудың, тастан қару-жарақ жасаудың, тері илеудің сырын іздеді, көршілерінің мықты, осал жақтарын зерттеді. Адам баласымен соғыс өмірге бірге келсе, бұл кәсіп те сонымен құрдас деуге болады. Ал майдан қарсыласты алдауға бағытталады, шатастырып жеңу үшін жауды түсініп, білуің керек. Абзалы, барлаушы кез келгеннің ісі емес, оған қойылатын талап пен талғам жоғары, биік. Осы кәсіппен айналысқандардың ішінен адамзат тарихында аса көрнекті деп аталып жүрген жандардың мол шығуы содан шығар: Р.Абель, К.Филби, Р.Зорге.... Құпия майдан сарбаздарының қатарында әлемге мәлім Д.Деффо, Пьер-Огюстен Бомарше, Г.Грин сияқты атақты жазушылардың жүруі де тектен текке болмаса керек.
    Шоқанның Қашғар сапары Ресейдің барлау қызметінің абырой-беделін әлем алдында аспандатып қана қойған жоқ, оның өзін де қазақтың тұңғыш кәсіпқой барлаушысы ретінде ұлы тұлғалардың қатарына қосты.