Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан» газеті (№181), 1 тамыз 2013 ж.

Сонау 1969 жылы екі алып ел арасында, яғни Жалаңашкөл өзенінің маңында күрделі қақтығыс болғаны белгілі. Сол кезде кеңестік барлау қызметі көршілер үлкен тойтарыс жасауға дайындалып жатыр деген хабар алады. КОКП Саяси бюросында оған орасан соққы жасау жағы да қарастырылады. Алайда кеңестік барлаушылар, оның ішінде сол кезде Қазақстан барлауын басқарған Әбдіғали Байғарин  тарапынан жүргізілген агентуралық-жедел және ақпараттық жұмыстары арқасында КСРО саяси басшылығы соққы жасау ойларынан бас тартты. Барлаушылар тұрақты түрде әр қылт еткен жағдай туралы басшыларын құлақтандырып отырған. Бұл деректер сенімді де, нақты болғанын уақыт көрсетті.

  Дегенмен, сонда дейміз, егер барлаушы қателескен болса, ол уақытта арадағы жағдай қалай бағыт алар еді? Белгісіз. Белгілісі барлаушының да барлаушысы бар дегендей, қажетті талап деңгейінен табылған жансыздардың бір оңды ісі ғана ел қажетіне мыңдаған пайда қосатыны болып тұр. Олардың өмір бойы басын оққа да, отқа да байлап, тек тыңшылықпен тындырымды еңбек еткендерінің ісіне сай еліміздің сыртқы барлау деңгейінің сатыға көтерілгендігін де қазір анықтауға болады.

 Әрине, барлаудың қанат жаюын еліміздің өркендеуімен бірге жалпы даму үрдісіне қосатындар да бар. Бірақ біздегі барлау қызметіміз ел егемендігінен бұрын қалыптасқандығын, оның ерте де белгілі бір бағыт алып, саяси қалыпқа түскендігін әсте ұмытуға болмас. Ал оның өрісіне тәуелсіздігіміз жаңа күш беріп, соған сай бар жиылған тәжірибе бір арнаға тоғытылып үлкен қуатқа айналды десек айдай анық келеді. Міне, бұл бағыттағы атқарылған ізгілікті істерді саралау барысында оның басында жүрген немесе әлі де ат тізгінін ұстап тұрған барлаушыларды аттап өту мүмкін емес.

 Өйткені шет елде барлау ісімен айналысу қияметтің қияметі. Ондағы қиындықтарға шыдаудың өзі бір бөлек десек, сол қиындықтарды өткеру үшін қажетті біліктілік пен білімділікті игерудің өзі бір төбе ғой. Осындай сынақтарға әбден сыналып, шыңдала кіріскен және оның бәрін көзделген талапқа сай бастан өткеріп, биіктерге көтеріле білген Әбдіғали Байғарин еді. Ол бұл өмірден озып кетті, бірақ оның барлау жолында салған тың ізі дараланып қалды.

 Оны көз көргендер кез келген қысылтаяң жағдайдан уақытылы амал тауып шыға алатын кәсіпқой, өз ісінің білгірі, барлық деңгейдегі адамдармен тіл табыса алатын және оған қажетті ақпараттарды молынан білетін жоғары интеллектуалды, жан дүниесі бай адам еді дейді. Ол өзін тек рухани, мәдени, біліктілік жағынан ғана байытып қоймай, дене шынықтырудан да алда болған екен. Сондықтан болса керек, ол сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (МҚК) Семипалатинск (ол кезде солай аталатын) облысы бойынша басқарма бөлімінің бастығы болып жүргенде КСРО МҚК Бас басқармасына кенеттен шақыртылып, шығыс елдерінің біріне вице-консул ретінде баруына тапсырма жүктелген екен. Оның артында жоғары жақтың мың ойланып, мың толғанып барып бір адамға сенім білдіргендіктен артқан астыртын міндеті тұрды.

 Иә, жасырып қайтеміз, сол кездегі жағдай өте күрделі еді. Сондықтан осы елде жұмыс істеу, әсіресе барлау қызметімен айналысу тіптен қауіпті болатын. Себебі қарсы тараптың да қарсы барлау қызметі қарап жатпағаны белгілі. Олардың талай шетелдік барлаушыларды әшкерлеп, өлім жазасына да кескендері бар-тұғын. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай, өз ісінің білгірі Әбдіғали Байғаринді бұл қатерлер айналып өтіп жатты. Ол не істеп, не қою керектігін жақсы білді. Бір ғана дерек, сонау 1950-ші жылдардың ортасында оны Мәскеудегі МҚК Жоғарғы мектебіне оқуға жібереді. Ә.Байғарин әйелімен бірге пәтер жалдап тұрады. Сонда оған кезінде Алматы қаласындағы КСРО МҚК аймақаралық мектебінде бірге оқыған досы іздеп барады. Олар қаланы біраз аралап, әбден шаршаған соң бір кафеден дәм татайық десе, орын жоқ деп жолатпайды. Содан кенеттен оларға әлгі кафенің меңгерушісі келіп, «шетелдік емессіңдер ме?» - деп сұрайды. Олар лайықты жауап қайтарады. Сол мезетте бөлек кабинаға жайғастырып, ерекше қызмет көрсетеді. Әбдіғалидің әйелі болса аналар құжат сұрап, бар шындық ашылып қалып, оқуларына кесірі тиіп кете ме деп қатты қобалжиды. Сол кезде Ә.Байғарин: «...бізге бос орын тауып берген әйелдің бетінде кездейсоқ келеңсіздіктен ат-тонын ала қашатындығы, оны айналып өтуге тырысатындығы баттиып жазылып тұр. Сондықтан да ол бізден құжат түгіл, барлық сұрауларымызды қанағаттандыруға дайын» - деп жауап қайтарды. Расында солай еді. Бұл жәйт Ә.Байғариннің кез келген адамды бір көргеннен-ақ оның мінезінің қандай екендігін бірден ажырата алатындығын көрсетеді. Әрине, ол бұл қасиетін шетелдік астыртын іссапарларында да тиімді қолдана білді.

 Одан кейін ол бес айлық іссапарға КСРО МҚК тапсырмасы бойынша Таяу Шығыс елдерінің біріне жаңа техникаларды көрмеде таныстыратын слесарь-жөндеуші ретінде аттанады. Ал шын негізінде оған мүлде басқа міндет жүктелген еді. Бұл халықаралық көрмеге Алматы ауыр машина жасау зауытының экспонаттары қойылатын болады. Бірақ мұнда Ә.Байғарин нағыз слесарь-жөндеуші болып баруы үшін шын мәнінде сондай кәсіп иесі болуы керек еді. Сондықтан ол алдын ала сол кездегі жаңа станоктардың құрылысын оқып, жұмыс істеуді үйреніп, арнайы дайындықтан өтеді.

 Не керек, Ә.Байғаринді бәрі станоктың құлағында ойнаған көз ілеспес қызметіне қарап, нағыз жұмысшы-техник деп қабылдайды. Ал ол болса, осы барлаушылық айлакерлігі арқасында жымын білдірмей жібі үзіліп қала жаздаған агентура жүйесін қайта жандандыруға кіріседі. Өйткені сол кезде осы елдің КСРО-ға деген теріс көзқарасы кесірінен арадағы агентура жүйесі күйреп, байтал түгіл бас қайғы болып кеткен шақ еді. Міне, осы күл-талқаны шыққан агентура жүйесін қайтадан қалпына келтіру міндеті Ә.Байғаринге жүктеледі. Ол бәрін басынан бастайды. Бұрынғы бас сауғалап кеткен агентура жүйесі мүшелерін тауып, байланысқа шығады.

 Бұл кезде Ә.Байғарин де нағыз қатерлі істің бастауында тұрғанын, бір байқаусыз жіберілген кемшілік орны толмас өкінішке ұрындырарын ұғынды. Бірақ барлаушының өмірі осы, ол жүрегі соғып тұрғанда жүктелген міндетті жүзеге асыра береді. Бұл туралы Ә.Байғариннің өзі де: «...барлығына көнесің. Бірақ соның ішінде психологиялық өте дәл есеп, актерлік шеберлікті пайдаланып, нақты ақпаратты жеткізетін тұлға ретінде танылғандардың кез келгенін тарту, өзіне жақындату әрқашан басым тұрады. Мені сондықтан да дипломатиялық қызметке жіберді... Бірде-бір жан менде консулдық лауазымнан басқа бір міндет бар екенін білген жоқ. Күндіз мен дипломат секілді көрініп шара қаулыларын сараптап, кездесулерге қатысып, тіпті банкеттерде шампан толы бокал да қағыстырып жүрдім, ал түнде агентураның ақпараттарын ақтарумен боламын. Маған сенімді жергілікті тұрғындардың арасында әртүрлі адамдар болды. Көпшілігіміздің пікіріміз бір жерден шыққандықтан ынтымақтастық білдірді, ал енді біреулері таза «ақы» үшін жұмыс істеді. Меніңше бұл кезде қарсы барлау да көз ілмей, тұзақ лақтырумен болған секілді..» - дейді. Алайда ақыры Ә.Байғарин алдына қойылған міндетті бұлжытпай орындап, қомақты нәтижелермен елге оралды.   

 Адамды бірден тани білетін қасиетін ол жоғары қызмет дәрежесіне көтерілгенде де қадрларды таңдауда пайдалана білді. Барлау қызметіне кездейсоқ адамдардың келмегені жөн. Демек, олардың кім екенін алдын ала білсе, тіптен дұрыс. Көпшілік барлаушының жауапты тапсырманы орындау кезінде қаншалықты күрделі қиыншылықтарға тап болатынын білмейді. Бұл жағдайда тек оқыған, тоқыған, жаттыққан дайындыққа сай әрекет ету аздық етеді, қиыннан қиыстырып өтетін кезеңдер туады. Міне, сондықтан да барлау қызметіне өз ісіне ерекше берілген, яғни тіпті кейін қызметтік дәрежесінің өсуіне кесірін тигізуі мүмкін, бірақ тапсырманың орындалуына сеп болатын әрекеттерге де баруына тура келетін жандар қажет. Сондықтан ол жан-жақты дамыған адамдарға аса көңіл бөлді. Әсіресе спортпен беріле айналысқан жандардың қандай қиындықта да соңына дейін шыдамдылық қасиетін жоғалтпайтынын жақсы білді.

 Әрине, біреуге білім беру үшін өзгені тани білу үшін одан өзің біліміңе, тәжірибеңе, көрген-түйгеніңе сай жоғары тұруын қажет. Ол Алматыдағы аймақаралық мектепті аяқтаған соң, үлгілі де үлгірімді студент ретінде орталық аппаратта қызметте қалады. Сол 1945 жылы кіші лейтенант шенінде қызмет бастаған ол 1985 жылға дейін полковник шеніне жетіп, Қазақ КСР МҚК Бірінші барлау басқармасының бастығы дәрежесіне дейін көтеріледі. Ал бұл аралықта оның жоғарыда айтқанымыздай, қаншама шиырлаған ізі түскен, бірақ көзге көріне қоймайтын да, аса елене қоймайтын да белгісіз жолдары жатыр. Сол жолдардың бірі оның 1948 жылы Орталықтың бұйрығы бойынша Балтық жағалауын жайлаған фашистік қарулы топтармен жаға алысқан күресінен де сыр шертеді.

 Ә.Байғарин бір топ чекистермен бірге Литваның Рубулай деревнясында жасырынған бандалардың көзін жоюға барады. Содан орманнан мұздай қаруланып шыққан бандаларға қарсы нағыз шайқас басталады. Бір топ сарбаздарды басқарып, жол бойындағы тал арасына жасырынған 21 жастағы Ә.Байғарин кескілескен ұрыс жүргізеді. Қатары қанша көп болса да бандалар жусап қалады. Бірқатары қолға түседі, ал аман қалғандары қашады. Оларды қуа жөнелген Ә.Байғарин түні бойы қудалап, ақыры тағы бірнешеуін қолға түсіреді. Сөйтіп жеңіс сағаты соғылады. Сол кезде фашистік сілімтіктерден құралған литовтық «өлім эскадроны» жазықсыз жандардың нағыз жаналғышы атанған еді. Олар тек өздерінің аймақтарында ғана емес, көрші Белоруссия жерінде де он мыңдаған бейбіт тұрғындардың көзін жойған. Міне, осының бәріне чекистердің батыл да, шешуші қадамдары арқасында тойтарыс беріліп, тосқауыл қойылды.

 Ол өзі осындай от пен судан өткендіктен де елдің қауіпсіздік қызметіне мамандарды да ерекше таңдай білді. Кейбір білікті мамандар Ә.Байғариннің алдына келгенде таң қалғандарын жасырмайды. «Неліктен маған ғана МҚК назар аударды?» деп сұрайды. Сол кезде Ә.Байғарин: «...МҚК қызметіне, ең алдымен, өз Отанының нағыз патриоттары, яғни тәртіпті, әділ, жолдастыққа адал жандар қажет, оның үстіне білімді де, білікті, дүние танымы зор адамдар керек. Мен бұл орайда бір шындықты ашайын, біз сені жұмысқа тартар алдында өзіңді сырттай ұзақ та, нақты бақыладық, зерделедік. Бірнеше тіл білесің, әлі де үйренесің. Демек, сен барлық өлшем бойынша бізге толық сәйкес келесің» - дейді. Иә, оның кейінгі шәкірттерінің барлығы да озық үлгідегі барлаушылар болды.

 Басшылық қатарында жүргенде ол ғылыми-техникалық барлау бағыты бойынша МҚК басқармасын құру шешімін қабылдайды. Сөйтіп осы сала бойынша да көптеген барлаушылар дайындалды. Мәселен, соның бірі шетелге іссапарға ғалымдар құрамында аттанады. Барған делегация мүшелеріне бір шахтада пластикалық жарылғыш затты өндіру жөніндегі кешенді техникалық жұмыс амалы көрсетіледі. Кеңестік барлаушы түпнұсқаны жәй ұстап көрген болады. Одан соң дереу бет орамалына қолын сүртеді де қалтасына салады. Алақанына сәл жұғып қалған жарылғыш заттың қалдығын білдіртпей жиып, тырнағының арасына барынша нығыздап, одан кейін шалбарының сағат салатын кішкене қалташасының түбіне әлгілерді түсіріп, жасырады. Кейін бұл алынған кішкене ғана түпнұсқалар арнайы зертханаларда зерттеліп, елдің өзіндік жарылғыш заттарды дайындау үдерісін дамытуға септігін тигізеді.

 Барлаушы Әбдіғали Байғарин туралы көп айтуға да, молынан жазуға да болады. Оның атқарған еңбегі өлшеусіз екені анық. Ол табандай қырық жыл бойы қауіпсіздік алаңында талмай еңбек етіп,  оның жиырма бір жылын сыртқы барлауға арнаған. Айта кететін маңызды жәйт, Ә.Байғарин Қазақстанның барлау қызметін табандай он бес жыл басқарған бірегей тұлға еді. Сол мерейлі қызметі үшін көптеген марапаттауларға да ие болды. Атап айтсақ, «Қызыл Ту» мен «Қызыл Жұлдыз» ордендері, одан басқа 17 медаль, КСРО МҚК мен Қаз КСР Жоғарғы Кеңесі басшыларының грамоталары бар. Әрине, оның осындай ерен ерліктерге жетуіне отбасы ұйытқысының да берік болғаны көп жағдайды аңғартады.