Александр ТАСБОЛАТОВ,   «Егемен Қазақстан» газеті, №35 (28259), 20 ақпан 2014 ж.

    Өткен күнде белгі жоқ десек те, өмір өткен күндермен қатар, есте қалған кезеңдерден құралады. Адамның есте қалған кезеңдері – айналасына тигізген шапағаты, өзгеге жасаған жақсылығы, ел үшін сіңірген еңбегі арқасында ұмытылмайтын ардақты істері. Сол жарқын істері оның айналасында, қасында болғандардың, кейінгі ұрпақтың есінде сақталса, ол адамның өмір сүргені де тарихта қалады. Ал елімізде Отан үшін от кешіп, халқына адал қызмет етіп жатқан адамдар баршылық. Міне, солардың қатарындағы бірі де, бірегейі – бұрынғы Кеңес Одағындағы МҚК-нің, Ұлы Отан соғысының және өз еліміздің сыртқы барлау ардагері болған, Сталинград шайқасына қатысқан – Шаймардан Уатханұлы Бастимиев. 

    Барлаушы ретінде Ш.Бастимиев туралы өте көп айтуға болады. Оның Сталинград шайқасында әскери міндетін адал атқарғаны және басқыншыларға қарсы ерлікпен күрес жүргізгені айрықша аталады. Жалпы атақты жазушы Э.Хемингуэй: «Кім соғыста, әсіресе алдыңғы шепте болып ерлік көрсетсе, олар нағыз жақсы адамдар» - деген екен. Сол айтқандай, Ш.Бастимиев әрқашан алдыңғы шептен көрінген. Сталинградты басып алу мақсатымен неміс авиациясы бірнеше күн бойына қала қоршауын соққы астына алды. Жаудың аспаннан бомбаларды жаңбырша жаудыруы, жерден зеңбіректерден үздіксіз төпелеуі, бас көтертпеу түгіл көз аштырмай тастады. Міне, осындай өмір мен өлім арпалысқан нағыз қиын сәттерде Ш.Бастимиев сауытты танктерін алға салып, қалқалана оқ боратқан немістің сансыз жаяу әскеріне қарсы бір топ жауынгерлермен қатар аяусыз шайқас жүргізді. Ол кездегі жағдайдың ауырлығын кейіпкеріміз кейін былай деп есіне алады: «...Жағдай өте ауыр болды. Таң қылаң бере көктен төнген неміс ұшақтары төбемізден бомбаларын төгетін. Олар біз қорғанып жатқан жердің иін шығара бомбалап алған соң, артынша танктерін қалқан қылған қаптаған солдаттар өре шығады. Бір адым да шегіну деген жоқ. Сансыз сауытты танктердің көзін жойып үлгеру мүмкін емес, қаптап жеткен олар окоптағы біздің солдаттарды тірідей топырақ астында таптап қалдыру үшін шынжыр табандарымен жер қыртысын қопара айналдыра әлекке түседі...».
    Міне осындай   шешуші кезде пулемет командирінің көмекшісі болған Шаймардан Бастимиев нағыз ерлік танытты. Бір кескілескен кезде пулеметші оққа ұшты. Ал жау болса, тіптен тақап қалған. Содан Шаймардан салқындылық танытып, пулемет тұтқасын өз қолына алды. Оның қолындағы пулеметтен үздіксіз атылған оқ жауды амалсыз шегінуге мәжбүрлейді. Ақыры жау көптеген адамдарынан айырылып тынды. Сұм соғыстағы қанды қырғынды көріп қана қоймай, онда асқан ерлік көрсеткен адамдардың ісі одан әрі жарасым тауып жататындығын, жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, жазушы Э.Хемингуэй бекер айтпаған ғой.
    Соғыс басталғанда, ол Семейдің авиамектебіне оқуға алынды. Артынша Алматыдағы жаяу әскери училищесіне аттандырылды. Бұл кез 1942 жылдың жазғытұрымы болатын. Арада алты ай өтпей жатып оның әкесі Уахат та майданға алынып, 1944 жылы Литваның Шауляй қаласының түбінде ерлікпен қаза тапты. Өзі взвод командирінің көмекшісі ретінде жап-жас бозбала күйінде Сталинград түбіндегі шайқасқа кірісіп кетті. 
    Соғыстың аты соғыс: не жеңіс, не өлім. Сондай бір арпалыста ажал сепкен жауды қирата қарсылық көрсеткен Шаймардан бастаған топ, оларды түре қуады. 1942 жылдың 19 қарашасы барлық Сталинград майданы бойынша кеңес әскерлерінің тарихи қарсы шабуылы болып жазылды. Басып алынған жерлер біртіндеп азат етіле бастады. Осындай бір елді-мекен Суравикиноны азат етуде Шаймардан Бастимиев оңбай жараланды. Әйтеуір тірі қалды. Кейін ол бұл сәтті есіне алғанда: «Осындай қиын сағатта маған командирім Савченко айрықша көмек көрсетті. Оның өзі де жаралы еді, бірақ соған қарамастан ол менің жарақатымды таңып, алғашқы жәрдем берді. Жарақатымыз жанға батқан біз қансырап, ақ қардың үстінде ұзақ жаттық. Айнала толған жаралылар, солардың жан қысылғанда түн тыныштығын бұзып «Өлтіріңдерші мені!», «Атып тастаңдаршы!» деп жалынған дауыстары естіліп жатты. Бірақ көмек қолын созатын сау адам жоқ. Біздің мұнда қанға бөгіп, суық түнде қатып жатқан күйімізді ешкім білмейтін секілді. Біраз уақыт өткен соң алыстан қарайған адамдар сұлбасы көрінді. Бар күшті жиып, қарудағы соңғы қалған оқты аспанға атып белгі берген соң ғана біреулер жанымызға жетті. Артынша санитарлар да келді-ау...» деп жазады.
    Қанды шайқаста қатты жараланса да, қансырап ажал аузынан қалса да, өмірге деген құлшынысы басым жас жігіт өлімді жеңіп, атқа қайта қонды. Госпитальден шығысымен оны жаяу-әскер училищесіне жіберді. Артынша көп ұзамай оны «СМЕРШ» қарсы барлау бас басқармасының жоғары мектебіне оқуға аттандырды. Мұнда әбден сайдың тасындай іріктелген тәжірибелі адамдар дайындалатынын ескерсек, Шаймардан да барлау ісінің нағыз маманы болып шыға келді. Сондықтан да ол енді қатардағы майдан даласында емес, қарсы барлау басқармасының жедел қызметкері ретінде майданның ең күрделі бөлігінде күреске кірісті. Осы қарсы барлау бөлімінде жүріп, ол барлау мақсатымен жау тылына бірнеше мәрте рейд жасайды. Рейд мақсаты, жаудың алдыңғы шебінің жай-күйін анықтау, атыс нүктелері мен әскери инженерлік құрылыс қарымын білу еді. Бұл мақсат толықтай орындалады.
      «СМЕРШ» атты қарсы барлау құрамының Ұлы Отан соғысы кезінде қандай тапсырмалар орындағанын көпшілік жақсы біледі. Ұлы Отан соғысы жылдарында «Абвер» және РСХА қызметкерлерінің екі мыңнан астамы, жапон барлауы мен қарсы барлау қызметінің 900 қызметкері анықталды. Осы жылдар ішінде оның сүзгісінен жау қолына түскен 10 млн. астам адам өтті. 80 мыңның үстінде әскери қылмыскерлер анықталды. Бір жылда, яғни 1943-1944 жылдары ІІХҚ әскерінде 293 Отанын сатқандар, 100 шақты адам тыңшылыққа тартылғандар, неміс басқыншыларымен астыртын 76 әрекеттескендер, 356 қашқындар анықталған. Міне, Шаймардан Бастимиев осындай шараларды бастан өткерді және тікелей соған өзі де араласып отырды. Сондықтан да болса керек, кейін немістің әскери қарсы барлау қызметінің экс-басшысы Ф.Фон Бентивеньи 1945 жылдың мамыр айында: «...Соғыс тәжірибесіне сай біз кеңестік барлау қызметін күшті де қауіпті жау ретінде санадық. «Абвер» мәліметтеріне қарағанда, Қызыл Армияның тылына тасталған бірде-бір неміс агенті кеңестік органдар назарынан тыс қалған емес. Ал егер олар сәті түсіп дегендей, кері оралса, онда міндетті түрде жалған ақпараттармен бүркемеленген болып шығады» деген еді. Жау қолына жараланып түсіп, кейін қайта оралғандарды анықтауда Шаймардан да көп еңбек сіңірген. Сонда оған ең қиыны, өзі жазғандай: «Менің қызметімдегі ең қиын жағдайлар, жазықсыз жандар зардап шекпеуі үшін кім шынында кінәлі, ал кім кінәлі емес екенін дәл анықтау еді» дейді.
    Ш.Бастимиев 1945 жылы Румынияға қарсы барлау басқармасына жіберілді. Онда біраз уақыт қызмет атқарған соң Ш.Бастимиев Алматыға оралып, гитлерлік арнаулы қызмет агенттерін іздеу, анықтау жұмыстарымен айналысады. Оның бұл мандай тері де зая кетпейді: «Цеппелин» атты немістің барлау органының бірқатар агенттерін әшкерлейді. Бұл жұмыстары оған кейін тергеу бөлімінде тергеуші болып істегенде де орасан көмегін тигізді.
    1959 жылы Ш.Бастимиев республиканың атом өнеркәсібін қамтамасыз ету бойынша 1-ші арнайы бөлім бастығының орынбасары болып тағайындалды. Артынша осы бөлімнің басшысы атанды. Сонда оның тікелей қырағылығы арқасында өнеркәсіпке орасан нұқсан келтіргелі жүрген С. деген азамат ұсталып, тұтқындалды. Бұдан кейін ол Бірінші барлау бөлімшесіне ауыстырылды. Осында жүргенде ол Еуропа елдерімен «мүдделі» байланысы бар бір адамды анықтайды. Жедел шара кезінде резидент пен оның батыс елдерінің бірімен байланысы әшкереленеді. Кейін шетелдік «Интурист» желісі бойынша Мәскеуге келген резидент пен қонақтың кездесуі ұйымдастырылды. Барлық құпия шаралар Ш.Бастимиевтің жеке бақылауымен өткізілді.
    1969 жылы КСРО МҚК бұйрығы бойынша республиканың МҚК арнайы бағыттағы барлау-жою ерекше полкі құрылды. Бұл полктың міндеті де, атқаратын қызметі де, ондағы адамдар да айрықша болды. Міне, осы полктың бастығы лауазымына Ш.Бастимиев тағайындалды. Ол полктың құпия да ерекше қызмет қырлары мен сырларының міндетін толық түсініп игеру, меңгеру үшін КСРО-ның МҚК Бас басқармасында екі ай әзірліктен өтті. Иә, осындай сайдың тасындай іріктелген, сен тұр мен айтайын дейтін, ерекше міндеттер иықтарына жүктелген небір нар тұлғалы жігітер жиылған полкке Ш.Бастимиев он жыл басшылық етті. Бұл полк КСРО кезінде аса сақтықпен құрылған ерекше бағыттағы төрт парашютті-десанттық полктың бірі болды. Атақты «Альфа» секілді бұл полктың да ерлігі ел есінде қалды. Айта берсе өте көп. Ауған соғысы басталғанда бұл жігіттердің бірқатары ерекше бағыттағы «Алтай» арнайы отрядтың даңқын асқақтата түсірді. Ол енді, яғни ауған соғысы кезінде барлау қызметтерінің ісі бөлек әңгіме. Ал Ш.Бастимиев жоғарыда айтқанымыздай, зор еңбегімен, адал ісімен осы полк басшылығында еленіп жүріп, 1982 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Көптеген мемлекеттік марапаттарға ие болды.
    Зейнетке шыққан соң да Ш.Бастимиев тыным тапқан жоқ. Өзінің білгенін кейінгі толқынға жеткізуден жалықпады. Осылайша, түзде де, үйде мәнді де сәнді өмір сүре білген Шаймардан аға 85 жасқа келіп, бақилық болды. Артында оның үлкен ізі қалды.